fbpx

Жердің жыры таусылар емес Сәрсенбі, 10 Ақпан 2021 15:12

Қазақстан Халық партиясы фракциясы Үкіметтің назарын жер мәселесіне кезекті рет аударды. Атап айтқанда, ҚХП атынан сайланған Мәжіліс депутаты Айбек Паяев Жер кодексіндегі мәселелерге тоқталды.

Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс» деп нақтылап айтты. Бұл ретте, Ұлттық экономика министрлігі бастамашы болған Жер кодексіне Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылығы жерлерін сату, сондай-ақ Қытайдан келген қандастарымызға жерді жалдау мерзімін 25 жылға дейін ұзарту бойынша өзгертулер енгізілген болатын. Аталған түзетулер тұрғындарға түсіндіріліп, жаңа заң 2016 жылдың  1 шілдесінен бастап күшіне енуі керек еді.

– Алайда уәкілетті органдардың заң нормаларын халыққа дұрыс түсіндірмеуінен қоғамда пікірталас туындап, қазақстандықтар ауыл шаруашылығы  жерлерін сатып алуға мәжбүр, ал шетелдіктер жерді иемденіп алуы мүмкін деген оймен наразылық акциялары өтті. Салдарынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін қазақстандықтарға жеке меншікке беруге және оларды шетелдіктерге жалға беру нормаларын қолдануға мораторий жарияланған болатын, – деді халық қалаулысы.

Аталған мораторий қоғамдағы шиеленісті тоқтатуға мүмкіндік берсе, Үкіметке қоғаммен бірлесе отырып, Жер кодексінің нормаларын егжей-тегжейлі әзірлеп, дайындауға уақыт берді.

– Мораторийдің аяқталуына бір жылдан аз уақыт қалғанын, Үкімет тарапынан Жер кодексінің проблемалық мәселелерін шешу мақсатында  тиімді жұмыстар атқарылмай жатқанынын айтуға мәжбүрмін, – деді Айбек Паяев.

Депутат Үкімет басшысына Ауыл шаруашылығы министрлігіне аталған бағытқа  қоғамды міндетті түрде тарта отырып және ұсынылатын түзетулерді жариялы түрде талқылап, жұмысты жеделдетуді тапсыруды сұрады.

– Президент тапсырмасын орындау үшін аталған өзекті мәселені   оңтайлы шешу мақсатында үстіміздегі жылдың 1 шілдеге дейін тез арада Жер туралы Заңды қабылдауымыз керек, – деп нақтылады ол.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS