Бұл мәселені Мәжілістің пленарлық отырысында ҚХП депутаты Ерлан Смайлов көтерді.
– Бөлінетін қаржыландыру көлеміне қарамастан, соңғы үш жылда ЖҚТБ орталықтары қолданыстағы нормативтік құжаттармен регламенттелген қызметтерді толық көлемде көрсетпеді. Өйткені қаржыландыру қолданыстағы клиникалық хаттамаларға және алдын алу іс-шараларына қажеттілікке сәйкес жергілікті бюджеттерден бөлінді, – деді депутат.
Тәжірибе көрсеткендей, кейбір дәрі-дәрмектерді сатып алудағы айырмашылық айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Бұдан бөлек, ҚХП депутаттары Қазақстандағы Бірыңғай дистрибьютордың – «СК-Фармация» ЖШС-нің сатып алу рәсімдерін өткізуін ерекше атап өтеді. Мұнда препараттар мемлекеттік бюджет қаражатына сатып алынады.
– Халықаралық ұйымдар сатып алатын АРВ-препараттардың бағасы «СК-Фармация» ЖШС сатып алатын бағадан бірнеше есе төмен, – деді Ерлан Смайлов.
АҚТҚ-ны анықтау үшін жедел тесттерді сатып алу кезіндегі баға айырмашылығы да айтарлықтай өзгереді және кейде аймақтарда 55%-ға дейін ерекшеленеді. Депутаттық сауалға нақты деректер қоса берілді.
Өз тарапынан ҚХП жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша бірдей препараттар мен тест-жүйелердің сатып алу бағаларындағы елеулі айырмашылықты тексеруді ұсынды. Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «СК-Фармация» ЖШС тарапынан АРВ-препараттарын сатып алу процесінің толық ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету керектігін жеткізді. Ұсыныстардың ішінде амбулаториялық дәрілік заттардың қазақстандық ұлттық тізілімінің шектеу тізімдерін уақтылы қалыптастыру және АРВ-препараттарымен туындайтын іркілістерді одан әрі болдырмау үшін шарттарды уақтылы жасасу туралы бағыттар да бар. Партия отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын қайта қарауды ұсынды.
– Сатып алу препараттың тиімділігін, сапасын, бағасын және алдын-ала біліктілігінің болуын ескере отырып, бәсекелестік негізде жүзеге асырылуы керек, – деп нақтылады халық қалаулысы.
Осы және басқа да ұсыныстар жоғарыда аталған фактілермен бірге ҚР Премьер-министрі Асқар Маминге және ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовке жолданды.
ҚХП баспасөз қызметі