fbpx

Жұмыспен қамтудың жол картасын жетілдіру керек Сәрсенбі, 17 Ақпан 2021 11:45

Инфрақұрылымды дамытуға және жұмыссыздыққа қарсы күреске бағытталған Жұмыспен қамтудың жол картасы міндет үдесінен шыға алмай тұр.

Мәжіліске Қазақстан Халық партиясы атынан сайланған депутат Файзолла Қаменов аталмыш мәселеге назар аударды. Ол Жұмыспен қамтудың жол картасына мемлекет 1 триллион теңге бөлгенін атап өтті. Үкіметтің есебі бойынша барлығы сәтті жүзеге асырылған. Жол картасы еліміздің барлық қалалары мен ауылдарын қамтыған. 238 903 адам жұмысқа орналастырылған. Яғни жоспар толық орындалған. Алайда мұқият үңілсеңіз, жағдай мүлдем басқаша көрінеді.

– 238 903 адамның 6 600-і ғана тұрақты жұмысқа орналастырылды. Бұл 3%-дан да төмен. Жұмыссыздардың негізгі бөлігі қысқамерзімді маусымдық жұмыстарға тартылды. Олардың жұмыс істеу мерзімі кейде бір айға да жетпейді, – деді халық қалаулысы.

Ф.Қаменовтың айтуынша, бюрократиялық есепте жұмыссыздардың үштен бірін жұмысқа орналастыру зейнетақы қорына төлем төлеумен расталмаған. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша құрылатын жұмыс орындары негізінен біліктілігі төмен жұмысшыларға арналған. Іске асырылып жатқан, тиімсіз және қысқамерзімді жобалардың нәтижесі төмен. Ал мердігерлерді іріктеу қағидаты түсініксіз.

– Деректерге сәйкес, іске асырылған жоба аясында төленген салық бар болғаны 5,5 миллиард теңгені құрады. Яғни салық жүктемесінің коэффициенті 1% -дан аз. Бұл өте төмен көрсеткіш. Бұл жерде табысты жасыру белгісі бар, – деді ҚХП фракциясының мүшесі.

Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы Үкімет басшысы Асқар Маминнен Жұмыспен қамтудың жол картасын жетілдіріп, анықталған олқылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша шара қабылдауды сұрады.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS