fbpx

Ұлттық жоба құру қажет Сәрсенбі, 17 Ақпан 2021 11:42

Қазақстан жұмыссыздық пен кедейлік мәселесін шұғыл шешуге тиіс. Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Халық партиясы әлеуметтік бірлікті дамытуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық жоба құруды ұсынды.

ҚХП төрағасы, «Қазақстан Халық партиясы» парламенттік фракциясының  жетекшісі, депутат Айқын Қоңыровтың пікірінше, өткен жылы Қазақстандағы кедейлік басқаша сипат алды. Шенеуніктердің есебінше,

2020 жылдың 3 тоқсанында қазақстандықтардың нақты табысы 2,5%-ға өсті, ал жұмыссыздық деңгейі іс жүзінде өзгеріссіз қалды. ІЖӨ-нің төмендеуіне және 4,6 миллион адамның, яғни барлық жұмыспен қамтылған халықтың жартысынан көбінің мемлекеттің көмегіне жүгінгеніне қарамастан, осындай жағдай қалыптасты.

– Кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейі бізде ешбір жағдайда нашарламайтын «тефлондық» көрсеткіш қатарына жатады. Біз мәселені шешуге кірісетін кез келді деп санаймыз, – деді Айқын Қоңыров.

Мүліктік және әлеуметтік қатпар артып келеді. Ауылдағы кедейлік деңгейі қалаға қарағанда айтарлықтай жоғары. Сондай-ақ бұл көрсеткіш көпбалалы отбасылар арасында айтарлықтай үлкен мәнге ие. Ауыл тұрғындары білімге, медицинаға және өркениеттің басқа да игілігіне қол жеткізе алмай отыр. Қазақстанда жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін дұрыс бағаламау «жұмыс істеп тұрған кедейлік» құбылысын туғызды. Яғни адамдар жұмыс істейді, бірақ тапқан табысы ішіп-жемге зорға жетеді.

– Біз шикізат салаларында және ірі корпорацияларда еңбек жанжалының жиі туындайтынын көріп отырмыз, – деді депутат.

Қазақстан Халық партиясы мемлекет «Әлеуметтік бірлік және азаматтардың әл-ауқаты ұлттық жобасын әзірлеуді басым бағыт ретінде қарастыруға тиіс деп санайды. Жоба кедейлікті нақты бағалау және оны азайту сонымен қатар әлеуметтік теңсіздік критерийін әзірлеу жөніндегі шаралар кешенін қамтуы керек.

– Қазақстандықтар үшін әл-ауқат деңгейінің нақты нысаналы бағдарын – табыс деңгейін, жеке тұрғын үй құрылысы үшін учаскелерге қолжетімділікті, тұрғын үймен қамтамасыз етілуді, зейнетақы мөлшерін, білім беру мен медицинаға қолжетімділікті айқындау қажет, – деді депутат.

ҚХП фракциясы депутаттық сауалды Үкіметке жолдады.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS