fbpx

Балабақшадағы балалар тиісінше қаржыландырылмайды Сәрсенбі, 17 Ақпан 2021 11:16

Қазақстан Халық партиясының фракциясы мектепке дейінгі білім беру мәселесін Мәжіліс мінберінен тағы бір мәрте көтерді.

ҚХП депутаттарының пікірінше, мемлекет балабақшаларды қалдық қаржымен қаржыландырып келеді. Әсіресе мұндай үрдіс оңтүстік өңірлерде жиі кездеседі.

ҚХП фракциясының депутаты Ирина Смирнова Мәжілістің жалпы отырысында «Балапан» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде 3-6 жастағы балалардың көпшілігі балабақшадағы орынмен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Мәселені шешуге жеке ұйымдар да қол ұшын созды. Десе де мемлекет жекеменшік балабақшалардың шығынын өтеуге асығар емес. Салдарынан жан басына шаққандағы қаржыландыру діттеген жерге жетпейді.

Бұл жерде шенеуніктердің жауапсыздығын атап өту керек. Әсіресе, Алматы және Түркістан облыстарында жан басына шаққандағы қаржыландыру өзін-өзі ақтамай отыр.

– Алматы облысында 2018 жылдан бастап ашылған балабақшалар қаржыландырылмайды. Олардың кейбіреулеріне қаражат бөлінсе де, басымдық принципі белгісіз. Бұл балалардың мүддесі мен құқығы сақталмайтынын көрсетеді. Мүгедек балаларға арналған топтарды қаржыландыру туралы мәселесі де өткір тұр, – деді халық қалаулысы.

Ең қызығы Білім және ғылым министрлігі қаржыландыру өңірдің әрбір баласын ескере отырып, толық көлемде жүзеге асырылады деп қуана хабарлайды.

– Онда бюджет қаражатын тиімді пайдалану туралы мәселе туындайды. Сондай-ақ балалық шақ қалдық қаржы принципімен қаржыландырылады деген болжам бар, – деді Ирина Смирнова.

Түркістан облысында одан да күрделі жағдай қалыптасқан. ОҚО екіге бөлінгені есімізде. Бірақ Түркістан облысында балалардың көп екені ескерілмеген. 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша бүгінде өңірде мектеп жасына дейінгі 155 мың бала бар. Бұл жалпы елдегі мектеп жасына дейінгі балалардың 20 пайызына тең. Қаражат екі өңірге тең бөлінді. Салдарынан облыста бір баланы жан басына қаржыландыру айына 16-19 мың теңгені құрайды (басқа өңірлерде 28-34 мың теңге). Төлем кешіктіріледі, ақша тұрақты түспейді, көптеген балабақшаларда жазғы кезең төленбейді. Осыған байланысты шағым Білім және ғылым министрлігіне бірнеше рет жіберілді. Бірақ әзірше нәтиже жоқ.

–  Қазақстан Халық партиясының депутаттық фракциясы жан басына қаржыландыру әдістемесіне сәйкес, мектепке дейінгі балаларды жеткілікті қаржыландыру туралы мәселені шешу қажет деп санайды. Ең алдымен Түркістан облысынан бастау керек, – деді депутат.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS