fbpx

Балалардың есебінен қаржы үнемдеуге болмайды Сәрсенбі, 03 Наурыз 2021 11:23

Мемлекет балаларға қылмыскерден кем көңіл бөледі. Мемлекеттік «декреттік» жеңілдіктерді талдау барысында осыған көз жеткізілді. Қазақстан Халық партиясы нәрестелі болған отбасыларға бюджеттен тиісінше қолдау көрсетуді талап етті.

– Үш жасқа дейін балалар үнемі бақылауды қажет етеді. Сонымен қатар осы кезеңде ата-аналар үлкен қаржылық шығынға тап болады. Өйткені толыққанды отбасында тек әкесі ғана жұмыс істейді, – деді ҚХП атынан сайланған Мәжіліс депутаты Айжан Сқақова өзінің депутаттық сауалында.

Мұндай отбасылар мемлекеттен қандай көмек алып отыр?  Заңға сәйкес, жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы мөлшері келесідей белгіленген: бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 16 801,92 теңге; екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 19 864,77 теңге; үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 22 898,45 теңге. Табысынан айырылуына байланысты жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлем тек жұмыс істейтін әйелдерге ғана есептеледі.

– Бюджеттен қамаудағы бір адамды ұстауға шамамен 86 мың теңге жұмсалады. Қамаудағы адам тегін тамақпен, маусымдық киіммен, төсек-орын жабдығымен, жеке гигиена заттарымен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі, – деді А.Сқақова.

Ең қызығы, бала күтімі бойынша жәрдемақы бала бір жасқа толғанға дейін төленеді (ананың декреттік демалысы үш жылға дейін созылады). Шенеуніктердің пікірінше, өмірдің бірінші жылынан кейін бала тамақтануды тоқтатады және киім мен емдеуді қажет етпейді. Балабақшаға балаларды тек екі жастан бастап қабылдайды, сондықтан анасы декреттен мерзімінен бұрын шығып, жұмысқа тұра алмайды.

– Осы аспектілердің барлығы Қазақстандағы балалардың толыққанды дамуына кері әсер етеді, – деді депутат.

ҚХП фракциясы балалардың есебінен қаржы үнемдеуді тоқтатуды ұсынды. Яғни бала күтіміне тағайындалатын жәрдемақыны ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін арттыру, сондай-ақ ақылы декреттік демалыс мерзімін кем дегенде екі жылға дейін ұзарту керек. Сонымен қатар баланың толыққанды дамуы үшін барлық аспектілерді, оның ішінде тамақ өнімін, гигиена құралдарын және даму орталықтарына бару мүмкіндігін ескеретін балалардың жеке тұтыну себетін әзірлеу қажет.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS