fbpx

Қазақстанның табиғаты қорғауды қажет етеді Сәрсенбі, 31 Наурыз 2021 12:26

Қазақстандық табиғат қорғауды қажет етеді. Оның ішінде орман да, дала да, шөлейт те бар. Алайда еліміздің табиғатты қорғау ведомствосы біртүрлі ұстанымға ие – не өздері шара қабылдамайды, не өзгеге көмек бермейді. Қазақстан Халық партиясы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтан осы мәселені реттеуді сұрады.

Депутат Айжан Сқақованың айтуынша, Қазақстан даласы бірегей өсімдіктер әлемі мен жаһандық жойылып бара жатқан фауна түрлерінің таралу орны болып табылады.  Сөйте тұра республикадағы экожүйелердің ең аз қорғалған түрі де осында.

– Олар елдің ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесінде (ЕҚТА) аз қамтылған, – деп нақтылады депутат.

Қазақстанның дала экожүйелері өсімдіктер әлемінің таралу орындары болып табылады. Олардың жалпы саны 2000 бірегей эндемикалық, флористикалық түрді құрайды. Батыс Қазақстан далаларында, сонымен қатар, жойылып бара жатқан дала фаунасының өкілдері, соның ішінде ақбөкендер мекендейді.

10 жылдан астам уақыт бұрын ҚР Үкіметі Жаһандық экологиялық қормен және Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасымен бірге «Дала экожүйелерін сақтау және тұрақты басқару» жобасын бекітті.

– Жоба нәтижелерінің бірі Батыс Қазақстан облысында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын құрудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесін дайындау болды. Осы мақсатта БҰҰ Даму Бағдарламасы 27 млн теңге жұмсады, – деді А.Сқақова.

Жоба 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл Даму» салалық бағдарламасына енгізілді. Бірақ соңы түксіз аяқталды.

– Резерват құру жөніндегі іс-шараларды іске асыру белгісіз себептермен тоқтатылды, – деп нақтылады ҚХП фракциясының өкілі.

Халықаралық ұйымдар (ЖЭҚ және БҰҰДБ), сондай-ақ Ресей Федерациясы жобаға деген қызығушылығын жоғалтқан жоқ. Олар қазір де ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдіруде. Сонымен қатар ресейліктердің бұл бағытта тәжірибесі бар. Қазақстанмен шекаралас Волгоград облысында қысқа уақыт ішінде ЮНЕСКО-ның «Эльтон көлі» биосфералық резерваты құрылды.

– Жаңа табиғат қорғау мекемесін ұйымдастыру өңірдің дала биоалуантүрлілігін сақтауды және қалпына келтіруді толық көлемде қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар Қазақстанға әлемдік табиғи мұраны сақтаудағы өз орны мен рөлін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді халық қалаулысы.

Енді ҚХП «Бөкейорда» МТР құру жөніндегі жұмысты кім, қашан және неге тоқтатқанын, сондай-ақ оның қашан қайта басталып, қашан аяқталатынын білгісі келеді. Сонымен қатар партиялықтар халықаралық ынтымақтастықты жалғастыруды және дала табиғи резерваттары мен ЕҚТА-ның басқа да нысандарын елдің басқа облыстарында құрудың ұлттық жобасын әзірлеуді ұсынып отыр.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS